Қарағандыда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында қоян-қолтық ұрыстан турнир басталды
Қарағандыда қоян-қолтық ұрыстан республикалық жарыс басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 тамызда «Жастар» спорт кешенінде «Динамо» дене шынықтыру – спорт қоғамының Х ведомствоаралық спартакиадасы мен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының, арнаулы және күштік құрылымдарының қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан ІІМ Х спартакиадасының ашылуы өтті.
Іс-шара «Қазақстан» шахтасында қаза тапқан жұмысшыларды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
– Барлық полиция қызметкерлерінің және өз атымнан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Олар нағыз еңбек адамдары болды, – деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Жарысқа 334 спортшы, 33 команда қатысып жатыр.
Қарағандының белгілі спортшысы Серік Елеуов спартакиада қатысушыларына сәттілік тіледі. Спортшыларды қолдауға Эльмира Сыздықова мен Максим Раков арнайы келді.
Айта кету керек, жарыс екі күнге созылады.