Қарағандыда сауда үйлерінің бірінде карантин шектеулерін бұзу деректері анықталды
Қарағанды қаласындағы сауда үйлерінің бірінде санитарлық-гигиеналық нормаларды бұзудың 7 дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері өкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен құрылған мобильді топтар құрамында қала тұрғындарының санитарлық талаптарды сақтауын бақылауды жүйелі түрде жүзеге асырады.
Жуырда мобильді топ өкілдері жәрмеңке өткізіліп жатқан сауда үйлерінің аумағынан карантин нормаларын бұзудың бес дерегін анықтады. Мәселен, үш сатушы сүт және шұжық өнімдерін оралмаған күйінде сатып тұрған. Сатушылардың тағы бірінің бетпердесі болмаса, бетпердесіз және қолғапсыз дайын өнімді сатумен айналысқан екі сатушы анықталды.
Бұдан басқа дәл осы сауда үйінде жұмыс істеп тұрған батут орталығы карантин талаптарын бұзған.
Анықталған барлық фактілер бойынша жинақталған материалдар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша шаралар қолдану үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.