Қарағандыда телефон "сатушы" жұртты 6 млн теңгеге алдап кеткен
Қарағандыда әлеуметтік желі арқылы жоқ телефонды сатамын деп жұртты 6 млн теңгеге алдаған күдікті қолға түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 20 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленуші өзіне IPhone телефонын сатып алмақшы болған. Сондықтан ол өзіне қажетті затты сатып алу мақсатында әлеуметтік желіден арзан бағаға телефон іздеген. Хабарлама арқылы әлеуметтік желіден телефонды тауып, "сатушыға" 915 мың теңге ақша жіберген.
Қомақты қаражатты қолды қылған алаяқ кейін жәбірленушімен байланысын үзіп, телефонға жауап бермей қойған. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 35 жастағы азамат ұсталды. Ол қылмыс жасағаны туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің осыған ұқсас бес қылмысқа қатысы бары анықталды. Күдіктінің жәбірленушілерге келтірген жалпы шығын көлемі 6 млн теңгені құрады. Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.