Қарағандыда ұрланған құралды сатпақшы болған ұры ұсталды
Қарағандылық полицейлер ұрланған болгарканы сату үстінде ұрыны қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қазанда Қарағанды қалаcының полицейлеріне 39 жастағы қала тұрғыны белгісіз біреудің жертөледен құны 25 мың теңге тұратын болгаркасын ұрлап кеткендігі туралы шағымданған.
Полиция қызметкерлері дереу қылмыс болған жерді зерделеп, рейдтік іс-шаралар жүргізу нәтижесінде қала базарларының бірінде жәбірленушінің болгаркасына ұқсас затты сатып тұрған адамды байқаған. Алғашында күдікті заттың өзінікі екенін айтса, кейін ұрлық жасағанын мойындады.
Қазіргі таңда аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.