Қарағандыда «Жас сақшы» сыныбының оқушылары ант қабылдады
Қарағандыда «Жас сақшы» сыныбының оқушылары ант қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің «Динамо» дене шынықтыру залында «Жас сақшы» сыныбының оқушылары үшін ерекше күн болды. Олар салтанатты түрде ант қабылдап, құқық қорғау саласына деген адалдықтарын білдірді.
Іс-шара еліміздің мемлекеттік Әнұранымен басталды. Нысанды киім киген болашақ тәртіп сақшылары үшін бұл рәсім үлкен мәртебе. Оларды айтулы сәтпен Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров құттықтады.
— «Жас сақшы» сыныбының оқушылары – әр мектептегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полицияның сенімді көмекшілері. Полиция департаменті басшылығы атынан баршаңызды ант қабылдау рәсімімен құттықтаймын! Сіздерге оқуда озат болуды және еліміздің лайықты азаматы атануды тілеймін, – деді ол.
Құттықтау сөзден кейін оқушылар үшін ең маңызды сәт басталды. 20 жеткіншек ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдында елге адал болуға, білімге құштарлық танытуға және Отанын шексіз сүюге ант берді.
— Бүгін мен үшін ерекше күн. «Жас сақшы» сыныбының қатарына қосылу – менің бала кезден бергі арманым. Болашақта полиция қызметкері атанып, халқымның тыныштығын қорғағым келеді, – деді 7-сынып оқушысы Аяру Жұмажан.
ҚР Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес, бүгінде өңір мектептерінде «Жас сақшы» сыныптарын ашу бастамасы жүзеге асырылуда. Бұл жобаның негізгі мақсаты – оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап елге қызмет етуге баулу, патриоттық рухын көтеру.— Облыста өткен жылдан бері үш «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Бұл бастама жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен жауапкершілікті сіңіруге ықпал етеді. Болашақта осындай сыныптардың санын арттырып, елін сүйетін, тәртіпке берік жастар тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз, – деді Полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Медеубаев.
Ант қабылдау рәсіміне оқушылардың ата-аналары, ішкі істер органдарының ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты. Салтанатты шара барысында Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы қызметтік иттердің дайындығын көрсетсе, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қоян-қолтық ұрыс әдістерін паш етті. Іс-шара соңында жас сақшылар сап түзеп, мерекелік дефиле ұйымдастырды.