Қарағандыда жас жігіттер дәріханаға ұрлыққа түскен
Қарағандыда екі жас жігіт дәріханаға заңсыз кіріп, қымбат ноутбукті ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 наурыз күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Михайлов полиция бөліміне 58 жастағы кәсіпкер шағымданған. Жәбірленуші белгісіз біреулердің өзіне тиесілі дәріхананың терезесін сындырып кіріп, ішінен столдың үстінде тұрған құны 500 мың теңге болатын ноутбугін ұрлап кеткенін айтқан.
Оқиға орнына жақын маңдағы Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің нарядтары жіберілген. Сол маңдағы аулаларды тексеру барысында полиция қызметкерлері күдік тудырған екі жас жігітті байқаған. Полиция нарядын көрген күдіктілер қаша жөнелген. Алайда, полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында олар көп ұзамай қолға түсті. Ұсталған азаматтардан ұрланған ноутбук тәркіленді.
18 және 22 жастағы екі жас жігіт істеген қылмыстарын мойындады. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.