Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Аралда мектеп оқушысы “ғимаратта бомба орнатылған” деп хабарлаған

11 наурыз күні сағат 11.30 шамасында Арал аудандық №3 өрт сөндіру бөліміне белгісіз біреу ұялы телефоннан қоңырау шалып, “ғимаратта бомба бар” деп айтқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоңырау шалушының дауысынан оның  кәмелетке томаған бала екені белгілі болып, ұялы байланыс нөмірі анықталған. Қазір аталған дерек бойынша іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.

– Хабарлама түскеннен кейін терроризмге қарсы жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде “жалған терроризм” дерегі туралы хабарлаған Арал қаласының 2012 жылы туған тұрғыны болып табылатын үшінші сынып оқушысы анықталды. Мұндай қылмыс ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) қарастырылған. Жалған ақпарат таратқан адам алты жылға дейін бас бостандығынан айырылып, хабарламаны тексеруге тартылған мемлекеттік органдардың материалдық шығынын өтеуі тиіс, – деді облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Оразов.

– Жалпы “жалған терроризм” туралы хабарлама тарату қылмыстың ауыр түріне жатады. Сондай-ақ, заңға сәйкес, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс үшін оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады. Біреулерге мұндай әрекеттер баланың ойыны, еш зияны жоқ әрекет болып көрінуі мүмкін. Бірақ түскен ақпаратты ойын деп есептеп, тиісті шаралар қабылданбаған жағдайда, оның соңы адам шығына, басқа да материалдық залалдарға әкеліп соғуы мүмкін. Әрі жалған ақпарат таратушыны табу үшін де құзырлы органдар белгілі бір материалдық-техникалық ресурстарды, қаражатты және жұмыс уақытын шығындауға мәжбүр болады, – деді облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Усаин Медет.

Айта кетейік, аталмыш қылмыстардың алдын алу мақсатында баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде, білім беру мекемелерінде және қалалық “Автобус паркі” мекемесінің автобустарында “жалған терроризм” үшін заң алдындағы жауапкершілік туралы жадынамалар орналастырылған. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру