Қарағандыдағы колонияда «Макулатура тапсырып – ағашты сақта» акциясы өткізілді
Қарағанды қаласының №36 колониясында «Макулатура тапсырып – ағашты сақта» акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекемеде сотталғандармен бірге кітапхана қорындағы кітаптарға ревизия жүргізіліп, қалпына келтіруге жатпайтын кітаптар, ескі журналдар мен газеттер жиналып, макулатура қабылдау пунктіне тапсырылды.
– Макулатураны жинау және тапсыру идеясы мекемедегі кітаптарды тексеру кезінде туындады. Кітап қорын жаңарту үшін қалпына келтіруге жатпайтын кітаптар таңдалды. Нәтижесінде мұндай кітаптардың саны өте көп болып шықты. Сотталғандар белсене қатысып қоршаған ортаның игілігі үшін осындай әрекетті жүзеге асырды. Түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалды, ит пен мысық жануарларын паналатуға көмек ретінде жіберілді, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Е. Жылқыбай.
Қарағанды облысы ҚАЖД-ға қарасты №36 мекемесі өзі үлгі бола отырып, басқаларды да табиғатқа ұқыптылықпен қарау қажеттілігіне назар аударуға шақырады.