Қарағандылық әйел тұрғынның атына несие алдырып, қашып жүр
Қарағандыда 26 жастағы әйел тұрғынның сеніміне кіріп, несие алдырып, несиесін төлемей, қашып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 тамыз күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 31 жастағы әйел арызданған. Оны 26 жастағы әйел сеніміне кіріп, алдағанын айтқан. Күдікті жәбірленушіні өткен жылдың желтоқсан айында қаладағы банктердің бірінен жалпы соммасы 1 миллион 800 мың теңге несие алуға үгіттеп, оны өзі төлейтінін айтқан.
Алғашында күдікті алынған сомманың үстеме ақысын төлеп отырған. Кейін жәбірленушіден тағы да 50 мың теңге қарызға ақша алып, мүлдем байланысқа шығуын тоқтатқан. Бүгінде жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі үстеме пайызын қосқанда 2 миллион 300 мың теңге болған.
Полиция қызметкерлері күдікті әйелді анықтап, ұстап оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде.