Қарағандылық азаматқа сан соқтырған алаяқ Алматыда құрықталды
Қарағандылық полицейлер интернет-алаяқты Алматыдан ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қаңтарда Қарағанды қаласының ПБ Теміржол полициясы бөліміне 35 жастағы қала тұрғыны арызданды. Ер адам көлігіне қосалқы бөлшектер сатып алуды жоспарлап, интернет арқылы іздеген сайманды тауып, сатушымен байланысқа шыққан.
Сатушы аванстық төлем ретінде 70 мың теңге талап етіп, жәбірленушіден шотына қажетті соманы аудартып алған.
Ақшаны алып алған соң хабарсыз кеткен күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды.
24 қаңтарда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қарағандылық полицейлер осы қылмысты жасауға күдікті ретінде Алматы қаласында жүрген Қостанай қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Аталған азаматтың Қазақстан Республикасының әр түрлі аймақтарында сапарда болғаны, бұдан да басқа бірнеше қылмысқа қатысы бар екені белгілі болды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.