Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау полицейлері жергілікті тұрғындардың алғысына бөленді

Маңғыстау облысының тәртіп сақшылары жанармайы таусылып, жолда қалған такси жүргізушісіне көмек көрсетіп, жергілікті тұрғындардың алғысына бөленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

YouTube желісіндегі “Lada.kz” арнасында “Такая полиция нам нужна” деген атаумен бейнежазба жарияланған.

Оқиға 21 қаңтарда күндізгі мезгілде Ақтау қаласы 8а шағын ауданындағы жолдардың бірінде орын алған. Адам тасымалдаумен  айналысып жүрген”Opel Vectra” автокөлігінің жанар-жағармайы таусылып, такси жүргізушісінің көлігі жарты жолда сөніп қалған.

Өздерінің белгіленген бағыттарын патрульдеп жүрген Ақтау қаласы ПБ ППБ “Сұңқар-11” экипажы жолда тұрған автокөлікті байқап, барып мән-жай сұрасуды жөн көрген.

Полиция қызметкерлері Асылбек Сембек пен Нұрлан Берішбаев орын алған жағдайды анықтап, тоқтап қалған автокөлікті арқанмен өз қызметтік көліктеріне жалғап, көлікті жақын маңдағы жанар-жағармай бекетіне дейін жеткізіп берген.

Жүргізуші тәртіп сақшыларының бұл әрекетіне риза болып, өз алғысын білдірген.

– Көмек көрсетіп жатқан сәтіміз ғаламторда жарияланады деп ойламадық. Күнделікті қызмет атқару барысында мұндай жағдайлар көп орын алатын болғандықтан, біз үшін бұл сондай жағдайлардың біреуі ғана. Қалың қардың толассыз жаууы біздің аймақта көп бола бермейді. Жүргізушілердің көбісі мұндай ауа-райына үйренбегендіктен бе, әлде дайын болмағандықтан ба, сол күні жолдарда көмек қажет болған жүргізушілер саны көп болды. Жалпы, сол күні көптеген өзге де инспекторлардың жолда қалған жүргізушілерге көмекке барғанынан хабардармын, – деп атап өтті Асылбек Сембек.

Жалпы қоғамдық қауіпсіздікті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуші тәртіп сақшылары азаматтардың қиын жағдайда қалмауын да бақылауда ұстайды. Кез келген жағдайда әрдайым көмек қолын созуға дайын полицейлер қашан да халыққа қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру