Қарағандылық полицей джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
Қарағандылық полицей джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы Әкімшілік полиция басқармасының автоинспекторы полиция капитаны Дидар Бәкіжанов Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен джиу-джитсудан кәсіпқой әлем чемпионатында 94 келі салмақта жеңімпаз атанды.
– Бәсеке өте қиын болды. Өйткені жарысқа 65 елден 1,5 мың спортшы қатысты. Финалға дейін үш жекпе-жек өткіздім. Біріншісі – Бахрейндік қарсыласымен, екіншісі – Қазақстандық, үшінші – финалдық – Әзірбайжан өкілімен, – дейді Д.Бәкіжанов.
Дидардың джиу-джитсумен 31 жасында айналысқанын есте ұстаған жөн. Арада төрт жыл өтті, аз ғана уақыт ішінде ол таң қалдырарлық нәтижеге қол жеткізді. Полицейдің спорттық қызметінің бірегейлігі мен жан-жақтылығын атап өткен жөн. Ол жауынгерлік самбодан, қоян-қолтық ұрыстан, қазақша күрестен, қазір джиу-джитсудан Қазақстанның бірнеше дүркін және халықаралық турнирлердің чемпионы.
– Бұл мүлдем басқа спорт түрі сияқты көрінетін, бірақ олардың барлығы жекпе-жек өнеріне жатады. Әр полицей азаматтарды, Отанды қорғау үшін спортпен айналвсу керек, – деп атап өтті Дидар.
Бәкіжановты спорттық шеберлігіне қарап арнайы бөлімшелерге шақыру түскен. Бірақ ол жол полициясында алғаш таңдаған қызметіне адал болып қалды.
– Мені жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету көбірек қызықтырады. Бірақ мен әрқашан арнайы жасақ қатысатын жарыстарға қатысамын, – деді спортшы полицей.
Сондай-ақ полиция капитаны Д.Бәкіжанов Қарағанды облысының джиу-джитсу федерациясының вице-президенті.
– Елімізді әлемдік аренада танытуға мүмкіндік берген Қарағанды облысы бойынша ПД басшысы Ерлан Файзуллинге, ПД облыстық Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Бағдат Кәкімовке және ПД процессинг орталығының басшысы Әкім Исабековке алғысымды білдіремін, – дейді Дидар.