Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында тұрғынның бір ай бұрын ұрланған телефонын тәртіп сақшылары тәулік ішінде тауып берді

Түркістан облысында тұрғынның бір ай бұрын ұрланған телефонын тәртіп сақшылары тәулік ішінде тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қылмыстарды ашу мақсатында өз жұмыстарын тиянақты атқарып келеді. Мәселен жергілікті тұрғынның бір ай бұрын жоғалған ұялы телефонын тәртіп сақшылары бір күнде тауып берді.

Яғни күндізгі сағат 14:00 шамасында Жетісай АПБ-ға арызданған тұрғын, қолданып жүрген ұялы телефонын бір ай бойы іздеп, нәтиже болмай, таба алмай жүргенін айтады. Арызды ҚК 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеген Жетісай АПБ полицейлері, тез арада телефонды табуға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 80 мың теңгеден астам.

Жәбірленушіден ұялы телефонның құжаттарын алдыртып, мұқият тексерді. Осылайша полицейлер бір күн ішінде ұрланған заттың жақын аумақта екенін анықтады.

Белгілі болғандай жәбірленуші көлігімен кетіп бара жатқан уақытта жолда оны көршісі тоқтатқан. Үйіне дейін апарып тастауын өтініп, көлікке отырған. Содан соң көршісі жәбірленушінің көлікте тұрған смартфонына көзі түсіп, байқатпастан жымқырып кеткен. Осылайша жәбірленушінің көмегімен үйіне жетіп алып, әрі телефонды олжалаған ер азамат оны пайдалану мақсатында жасырып қойған.

Бүгінде ұрланып, бір күнде табылған зат өз иесіне тапсырылды. Күдікті деп танылған ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері барша азаматтарға жеке мүліктеріне қырағы болып, қараусыз қалдырмау қажеттілігін ескертеді. Ал егерде қандай-да бір қылмысқа не болмаса құқық бұзушылыққа куә болсаңыз бірден “102” телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру