Қарағандылық полицей жанып жатқан үйден зейнеткерлерді алып шықты
Қарағандылық полицей жанып жатқан үйден зейнеткерлерді алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 наурыз күні кешкілік Бұқар-Жырау ауданына қарасты Ғабиден Мұстафин кентіндегі полиция бөлімінің криминалисті Ербұлан Мұқанов жұмыстан шығып, үйіне бет алған. Көлігімен Центральный көшесінен өтіп келе жатқанда полиция қызметкері сол маңдағы жер үйлердің бірінен жарылыс болған дауысты естіген. Кенет көлігін тоқтатқан ол жер үйден шыққан қызыл жалынды байқаған.
Еш ойланбаста оқиға орынына келген тәртіп сақшысы жалын шыққан үйге жетіп, ішінде болған адамдарды құтқаруға кіріскен. Үйдің есігі жабық болғандықтан, іштен шыққан дауысты естіген Ербұлан Мұқанов терезені сындырып, ішке кірген.
– Үйдің іші қойу түтін болып кеткен. Ешнәрсе көрінбеді. Тек, мен кірген бөлмеге басқа жақтан түтін кіріп жатты. Сол жерде жалын ошағы болғаны белгілі болды. Мен бірден адамдардың дауысы шыққан жаққа жүріп, үстінде киімі жанып жатқан ер адаммен әйелді көріп, далаға алып шықтым, -дейді Ербұлан Мұқанов.
Осылайша, полиция қызметкері 64 жастағы Алексей Бойко мен оның әйелі Ольганы құтқарып алды. Алайда оларға дереу медициналық көмек керек болғандықтан, Ербұлан өзінің көлігіне отырғызып, ауруханаға жеткізді.
Кейін белгілі болғандай, өрттің шығуына ас бөлмесінде тұрған газ балонының жарылуы себеп болған.
– Жырылыс болып, қызыл жалын шарпыған сәтте күйеуім екеуіміз үйден шыға алмай қалдық. Кенет, Ербұлан келіп бізді құтқарып қалды. Қауіпті сәтте ол қайсарлық танытып, адамгершілігін көрсетті. Онсыз біз үйден шыға алмай қалатын едік. Оған алғысымыз шексіз, – дейді Ольга Бойко.