Қарағандылық полицейлер мал ұрлығының алдын алды
Қарағанды облысының полицейлері жылқы ұрлаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 қазан күні Қарағанды облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері табиғатты қорғау бөлімінің инспекторларымен бірлесіп, Ақбастау ауылынан бір шақырым жерде 56 жастағы облыс тұрғыны басқарып келе жатқан «Митсубиси» автокөлігін тоқтатты.
Көлікті тексеру барысында жүк салғыштан жылқының еті табылды. Көлік жүргізушісінде де, салонда болған оның 54 жастағы серігінде де жылқы етінің шығу тегін растайтын құжаттар болмаған.
Полиция қызметкерлері автокөліктен жылқы етінен бөлек, қару мен оның оқ-дәрілерін, сондай-ақ пышақ тәркіледі.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 2-тармағына (Мал ұрлау ) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізуде. Сонымен қатар жылқының иесі анықталуда.
– Қарағанды облысының аумағында мал ұрлығының алдын алуға бағытталған 26 блок-бекет орнатылған. Басты мақсат – мал ұрлықтарының алдын алу болып табылады. Қазан айының басынан бастап Қарағанды облысының ПД мобильдік тобы мал ұрлығының үш фактісін анықтағанын айта кету керек. Негізінен ұрылар малдарды жайылымдардан алып кетеді, – деді Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.