Қарағандылық қаскүнем әйелдердің алтын сырғаларын құлақтарынан жұлып әкетумен айналысқан
Қарағанды қаласында бес әйелді тонаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 ақпан күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне қала орталығында асқан қатігездікпен жасалған тонау фактісі орын алғаны туралы хабарлама түсті.
50 жастағы жәбірленуші азаматша полиция қызметкерлеріне белгісіз біреудің құлағынан алтын сырғасын жұлып әкеткендігі туралы айтқан. Келтірілген шығын көлемі 50 мың теңгені құраған.
Қарағанды қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында “ізін суытпай” осы іске қатысы бар деген күдікпен 24 жастағы күдіктіні ұстады, ол қылмысын мойындады. Айғақ зат тәркіленді.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабына (Тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас тонаудың төрт фактісіне қатысы бар екендігін анықтады.
Күдікті әйелдердің алтын сырғаларын құлақтарынан жұлып әкетумен айналысқан.