Қарағандылық тұрғынның телефонын тартып алған үш жігіт ұсталды
Қарағандыда қала тұрғынын ашық тонағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қаңтар күні түнгі уақытта Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне шағынаудандардың бірінде ашық тонау болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына бірер минутта жедел-тергеу тобымен патрульдік полиция полкінің наряды жеткен.
41 жастағы жәбірленуші полиция қызметкерлеріне кешкілік уақытта жұмыстан үйіне келе жатып, ұялы телефонымен сөйлескенін айтқан. Сол кезде оған белгісіз үш адам шабуыл жасап, қолындағы ұялы телефонын ашық түрде тартып әкеткен.
Жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында «ізін суытпай» осы іске қатысы бар деген күдікпен 17, 18 және 23 жастағы үш адам анықталып, ұсталды. Олардан жәбірленушінің телефоны тәркіленді.
Аталған іске қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.