Қараусыз жүрген малдардың иесі жауапқа тартылды
2020 жылдың 4-10 желтоқсаны аралығында полиция қызметкерлері Қобда ауданы аумағында «Мал ұрлығы» жедел алдын-алу іс-шарасын өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шара барысында, аудан орталығы мен ауылдық округтерде ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық иелеріне тиесілі қараусыз жүрген төрт түлік малдарын бақылауда ұстап, кезекпен бағып және кешкі уақыта жайылымнан уақытылы күтіп алып, қораларға қамау қажеттілігі туралы түсіндірілді.
Қобда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдарының көмегімен арнайы ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы қараусыз жүрген малдарды анықтады.Сонымен қатар, «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу туралы» Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, әкімшілік айыппұл салынатын болады. Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 167 әкімшілік хаттама толтырылған.
Арнайы ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен жоғалып кеткен малдарды іздестіру полиция қызметкерлерінің жұмысын жеңілдете түскенін айта кету қажет. Мысалы, Ресеймен шекаралас Қобда ауданының аумақтарында көптеген жылқылардың шекарадан өтіп кету деректері орын алуда, алайда арнайы ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жайылып жүрген жылқылар анықталып, иелеріне қайтарылды.Учаскелік полиция инспекторлары алдағы уақытта да ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы іздестіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Ақтөбе облысының полицейлері тұрғындарға ұжымдық мал жаюды ұйымдастыру, сондай-ақ әр малды белгілеу және таңбалау арқылы шаруашылықтардағы малдың сақталуын қамтамасыз етуді ұсынады. Малды ұйымдастырылған табындарға бере отырып, Сіз, ең алдымен, ауыл шаруашылығы алқаптарын таптау мәселелеріне жол бермейсіз және де ең бастысы өзіңіздің төрт түлігіңізді мал ұрлығы мен жол көлік оқиғасынан сақтайсыз.