Қарауыл автотұрақтағы көліктерден құрал-саймандарды ұрлаған
Түркістан облысының полицейлері аккумулятор ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша белгісіз біреу оның автотұрақта тұрған «VOLVO» маркалы жүк көлігінің артқы бөлігінен екі дана аккумуляторын, «DAF» маркалы жүк таситын көлігінен құрал-саймандар жәшігін ұрлап кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 400 мың теңгені құрады.
Аудандық полицейлер қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында қажетті іс-шараларды жүргізді. Тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орындары мұқият тексерілді. Полицейлер куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларын қарап, жақын аймақтарды аралап шықты. Нәтижесінде бір тәулік ішінде осы қылмысқа қатысты күдіктіні ұстады. Ол автотұрақта қарауыл болып жұмыс істейтін жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толық мойындап отыр.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті бұл жерге жұмысқа тұрғанына енді бір ай болады екен. Содан жеңіл жолмен ақша таппақ оймен бір түнде көліктің аккумуляторын, құрал-сайман жәшігін жымқырған. Ұрланған аккумуляторды Шымкент қаласында 35 мың теңгеге сатып, ақшасын өз пайдасына жаратқан. Ал, жасырып қойған құрал-саймандар жәшігін полицейлер, күдіктінің үйінен тауып, тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Күдікті қолхатпен босатылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға көліктеріңізді қараусыз қалдырмаңыздар, тек сенімді адамдарға тапсырыңыздар деп кеңес береді. Сондай-ақ автокөліктеріңізге дабыл белгісін орнатыңыздар. Аулаларыңызға бейнебақылау камералары мен дабылқақыш қойғызыңыздар деп ескертеді.