Қармақшы полицейлері халық арасындағы алаяқтықтың алдын алуда
Қармақшы полицейлері халық арасындағы алаяқтықтың алдын алуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қармақшы ауданы бойынша жыл басынан бері тіркелген қылмыстардың таралған түрлерінің бірі алаяқтықпен байланысты қылмыстар. Олардың әрқайсысы бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Коронавирустық инфекциясының қазіргі жағдайына байланысты алаяқтық тақырыбы ерекше өзекті болып отыр. Алаяқтар кәсіби жұмыс істеп, өз құрбандарын оп-оңай шатастырып, тіпті ойлануғада уақыт бермейтіні мәлім.
Атап айтқанда, жеке байланыс бойынша: егер сізге телефон арқылы бейтаныс адам өзін алыс тусқаныңыз ретінде таныстырып, көмек сұрап, белгілі бір ақша сомасын қарызға сұраса, бейтаныс адамға сенбеу қажет. Банк картасын бұғаттау бойынша: егер белгісіз тұлға өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, сіздің картаңыз бұғатталғаны немесе сізге бонустар есептелгенін хабарласа, картаның нөмірін, пин-кодын хабарлауды немесе жақын жердегі банкоматқа барып, картамен қандай да бір қызмет жүргізуді сұраса, сенбеңіз. Себебі банк қызметкерлері ешқашан картаның деректемелерін хабарлауды сұрамайды. Ал алаяқтыққа қарсы тұруға ең осал топ – зейнеткерлермен түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Сонымен қатар, ауданның полиция қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын орындарға және көшелерге «Сақ болыңыз, алаяқтар» атты жарнамалар мен ескертпелер таратуда. Және де бөлімнің ЖПҚб-нің учаскелік полиция инспекторлары учаскелердегі аулалар мен кіреберістерді аралау жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп сақшылары кіреберістерге жадынамалар жапсырып, аудан тұрғындарына буклеттер мен жадынамалар таратылуда.