“Қару” іс-шарасы: Алматы облысында 338 адам жауапқа тартылды
Алматы облысында “Қару” іс-шарасы барысында 338 адам жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының аумағында Полиция департаментінің қызметкерлері 3 ақпаннан бастап "Қару" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
- Іс-шараның басты мақсаты – заңсыз айналымнан атыс қаруын тәркілеу, ұрланған және жоғалған қаруды іздестіру және атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ, тұрғылықты мекенжайларында ұзақ уақыт бойы тұрмаған және жаңа мекенжайлары бойынша есепке тұрмаған азаматтық қару иелерін анықтау, - деді Алматы облысы ПД ӘПБ АҚҚАБТ аға инспекторы Алим Джапаров.
Аталған іс-шараға Алматы облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жұмылдырылып, рейдтік шаралар және түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
- Атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі бойынша қару айналымы саласына қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 338 азамат жауапкершілікке тартылып, 39 азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық істер қозғалды, - деп толықтырды Алим Джапаров.