«Қару» іс-шарасы: Шымкентте заңсыз айналымнан 40 қару тәркіленді
Шымкентте «Қару» іс-шарасы барысында заңсыз айналымнан 40 қару тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы аумағында заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілер айналымымен айналысатын тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, отты атыс қарумен жасалатын қылмыстардың алдын-алу, ескерту және оларды ашу мақсатында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Іс-шара барысында заңсыз айналымнан 40 қару алынған. Оның ішінде 29 қару тәркіленген. Ал 11-і ерікті түрде қабылданған.
Сондай-ақ, қала аумағында тіркеуде тұрған 6481 қару иесі тексерілген. Бұдан өзге 63 қару уақытша сақтауға тәркіленіп, 4 қару жоюға жолданған.
Қару иелерінен анықталған кемшіліктердің басым көпшілігі – сейфті қабырғаға немесе еденге қатырмайтындары, дабыл бергіш құрылғысының істен шыққандығы сияқты кемшіліктер кездесті. Бұл кемшіліктер қаруды өзге пайдалануына әкеп соғуы мүмкін екендігін ескерген жөн.