Қаскүнем көлікті заңсыз айдап әкеткен
Қарағандылық полицейлер көлік ұрлығының ізін суытпай ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 желтоқсанда Қарағанды қаласы ПБ Орталық полиция бөліміне белгісіз біреудің жанармай құю бекеттерінің бірінде автокөлікті ұрлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
50 жастағы жәбірленуші көлікке жанармай құю кезінде оған бейтаныс адам жақындап келіп, пышақпен қорқытып, құны бес миллион теңге тұратын автокөліктің рөліне отырып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Полицейлер ұрланған автокөліктің жүрген жерін Қарағанды қаласының ПБ Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тез арада анықтады. Санаулы минут ішінде бірнеше автопатруль қала көшелерінің бірінде тосқауыл ұйымдастырып, 39 жастағы күдіктіні ұстады.
Қазіргі таңда бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабының 4-бөлігімен (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иемденіп алу) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.