"Қауіпсіз жол" ЖПІШ: Алматыда 20 көшеге жалпы көлемі 30,5 мың шаршы метр жол таңбалары сызылды
Алматы қаласында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында көше және жол инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін, әсіресе балалардың жүріп-тұруына қауіпсіз жағдай қалыптастыру.
Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері қалада мыңнан астам жаңа жол белгілері орнатылып, тозығы жеткен 352 белгі жаңасына ауыстырылған. Атап айтқанда, "Шекті жылдамдықты төмендетіңіз", "Назар аударыңыз! Балалар!", "Жаяу жүргіншілер" сынды ескерту және ақпараттық белгілердің саны артқан.
Бұдан бөлек, қаланың 20 көшесінде 30 500 шаршы метр аумаққа жол таңбаларын сызу жұмыстары жүргізілді. Мектептер мен балабақшалардың маңындағы 75 жаяу жүргіншілер өткелінде жалпы көлемі 1 680 шаршы метр болатын "зебра" таңбалау сызықтары жаңартылды.
- Жол инфрақұрылымын жетілдіру – жол-көлік оқиғаларының алдын алудағы басты құралдың бірі. Әсіресе балалардың қауіпсіздігі – біздің жұмысымыздың басым бағыты. Осы орайда біз білім беру мекемелерінің жанындағы жаяу жүргіншілер аймақтарына ерекше назар аударамыз, – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
2025 жыл Қазақстанда "Профилактика"жылы болып жарияланғанына орай, Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, "Заң және Тәртіп" қағидатын негізге алған Алматы қаласының полициясы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқық бұзушылықты азайту және жол қозғалысы мәдениетін арттыру бағытындағы кешенді шараларды одан әрі жалғастырып жатыр.