Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазаққа келін болған корей қыз

Киелі Түркістан өңірінде қазақ тілін жетік меңгерген түрлі ұлт өкілдері тұрады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олар сан салада жұмыс істеп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Сондай жандардың бірі, Қазақстанды өзінің туған жері деп есептейтін корей қызы Антонина Кимнің өмірі мен еңбек жолы біздің бүгінгі мақаламызға арқау болмақ. 

Ким Антонина Андрейқызы Түркістан облысы Полиция департаменті Жетісай ауданы полиция бөлімінің қызметкері. Оның полиция бөлімінде кеңсе жетекшісі болып қызмет атқарғанына бірталай жылдың жүзі болды.

Корей қызының өмір жолы мен еңбек еткен жылдарына тоқталар болсақ, қиын қыстау кезеңде Антонинаның отбасы Өзбекстан Республикасына жер аударады. Ал туыстары Қазақстанға орналасады. Осыдан кейін бірнеше жылдан соң қазақ жеріндегі туыстары оларға қазақтың өте қонақжай, жылы жүзді екендігін айтып, бір елде тұруға шақырады. Антонинаның әкесі ойланбастан шақыруды қабыл алып, Қазақстанға қоныс аударады. Содан бері міне корей әулетінің тағдыры Қазақстан халқымен етене байланысып келеді.

Антонина 1961 жылы дүниеге келген. Ұлты кәріс. Түркістан облысы Асықата кентінде тұрады. Ол орта мектепті жақсы көрсеткішпен бітіріп, 1978 жылы оқуға түсіп, қызыл дипломмен тәмамдайды. Оқу орнын ойдағыдай аяқтаған корей қызы бірден қызметке орналасады. Білімді де сауатты қызметкер инженер, сектор меңгерушісі, аудандық басылымда корректор қызметтерін атқарды.
Одан әрі еңбек жолымен шенділердің арасына түсіп, 1991 жылдан бастап Мақтаарал аудандық полиция бөлімінде кеңсе меңгерушісі болып ел игілігі жолында жұмыс істеп келеді. Антонинаның шенділермен бірге бір қазанда қайнап, бір шаңырақ астында қызмет етіп келе жатқанына келесі жылы 30 жыл болмақ. Жолдасы Жұманазаров Марат Сапашұлымен де Антонина полиция бөлімінде табысқан.

Қос ғашық 1993 жылы шаңырақ көтеріп, корей қызы қазақ ұлтына келін болды. Бір көргеннен корей қызына ғашық болған қазақ жігіті ол кезде учаскелік полицей болып тәртіпсіздіктің алдын алуға өз үлесін қосып жүрген болатын. Өз кезегінде Марат басшылар тарапынан түрлі мақтау мен марапатқа да қол жеткізді. Алайда қатал тағдырдың сынағы болар Марат 2008 жылы жол апаты салдарынан қаза тапты.

Бүгінде Антонина мен Мараттың Руслан атты ұлы бар. Руслан елімізге белгілі компаниялардың бірінде қызмет атқарады. Антонинадан Кореяға барып тұрғыңыз келеді ме? Корейліктерді сағынасыз ба? дедік.

Бірден «Жоқ, менің туған жерім де өскен ортам да Қазақстан. Мен бұл жерден ешқайда кетпеймін, кетсем де қайтадан келуге асығар едім деп жауап берді. Сондай-ақ ұлы Руслан «Анашым мен тек қазақ қызына үйленемін, сізге қазақтың келінін әкелемін» деп айтады екен.

Антонина Кимнің қазақ тілінде мақалдап сөйлеп, қазақ көршілерін мақтап отырғанынан-ақ қазақ халқына әбден сіңісіп, туысындай көріп кеткендігін аңғартады. Онысына іштей риза болдық.

– Құшағын кеңге жайған қазақ еліне келіп, осы жердің ас суын ішіп, өмірімнің осы жерде жалғасқанына мен ризамын. Қазақ тілінің арқасында мен өз жарымды таптым, ұлды болдым. Досым да, туысым да, жанашырларым да көп. Ендеше мен қазақ тілін қалайша қадірлемеймін! Қазақ ұлтының менің отбасыма бүгінгі күнге дейін көрсетіп келе жатқан мейірбандығын, жылы жүректілігін мен кез-келген ұлтқа мақтана айтып, үлгі етер едім. Ата-бабаларымыз қиындыққа тап болғанда, төріне шығарып дастарханынан дәм татқызған қазақ халқына мен өмір бойы шексіз алғыс айтып өтемін, – деді тебіреніп.

Біз де өз кезегінде тіліміз бен салтымызды құрмет тұтқан қазақтың келіні Антонина ханымға қазақ жеріне деген риясыз құрметіне алғыс айтып, жұмысына сәттілік тіледік!

Сондай-ақ оқыңыздар
  1. Ғабит :

    Антонина әпке жарайсыз. Рахмет сізге қазақ полицейлерімен бірге жұмыс жасап, тілімізді құрметтеп жүргеніңізге. Аман болыңыз.

Жауап қалдыру