Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстан – Бельгия матчы: полиция туристер мен жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті

Полиция қызметкерлері Қазақстан — Белгия ойыны кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада “Астана арена” стадионында Қазақстан және Бельгия ұлттық құрамалары арасында футбол матчында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция күшейтілген режимде қызмет атқарды.

Ойын алдында Астана қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Әділбековтың қатысуымен жеке құрамның кезекті саптық жиынын өткізді. Жиында стадион аумағында және оған іргелес аймақтарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты нақты тапсырма берілді.

Департамент басшылығы қызметкерлерге ойын өткізілетін жердегі адамдардың көп шоғырлануын ескерте отырып, қауіпсіздік талаптарын күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысын реттеу, сондай-ақ шетелдік қонақтармен жұмыс істеу тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараны бақылау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында турникет, бейнебақылау камералары орнатылды. Полиция департаментінің шағын жедел басқару орталығы жұмыс істеді.

Ойын күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін 5 негізгі нүктеден “Астана арена” стадионына автобус қатынады. Бұл шара стадион маңындағы жол жүктемесін азайтып, көлік кептелістерінің алдын алуға мүмкіндік берді.

Туристік полиция шетелдік қонақтарға ақпараттық және құқықтық көмек көрсетті. Қалаға келген туристерге бағыт-бағдар беріп, нысандарға жетуіне және қауіпсіздігіне қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар ойынды көруге келген жанкүйерлерге қоғамдағы өзекті мәселе, интернет-алаяқтықтан қорғану, алдын алу бойынша парақшалар таратылды.

Іс-шарада қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде ұйымдастырған тәртіп сақшыларына матчқа келген қала тұрғындары мен қонақтар алғыстарын білдіріп, полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысына оң бағасын берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру