Қазақстан полициясы Интерполмен іздеуде жүрген екі қылмыскерді ұстады
Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросы криминалдық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы қаласының халықаралық әуежайында халықаралық іздеуде жүрген ҚХР азаматтарын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұсталғандардың бірі Қытайдың құқық қорғау органдарымен іздестірілген. Ол Харбин қаласы Даоли ауданының базарында 100-ден астам сатушыдан ақша бопсалаған. Қылмыскер Вьетнамнан шығып, Қазақстанға Катар арқылы кірмек болған.
Ал екінші ер адамды Сауд Арабиясының құқық қорғау органдары Эр-Рияд қаласындағы әйгілі дүкендерден аса ірі мөлшерде зергерлік бұйымдарды ұрлағаны үшін іздеуге жариялаған. Келтірілген шығын 200 мың АҚШ долларынан асады.
Қазіргі таңда қылмыскерлер қамауға алынды, оларды экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.