Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сауыты бір, арманы ортақ отбасы: Қазақстан полициясында ерлі-зайыпты ЖҚАЖ жауынгерлері қызмет етеді

Қазақстан полициясында қоғам тыныштығын күзетіп, өмірде де, қызметте де иық тірестіріп жүрген отбасылар бар. Осындай жұптардың бірі – Алматы қалалық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет ететін Самат пен Айзада Сәрсеновтер. Бұл отбасы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Бұл жұп – тек әріптес емес, өмірлік серік. Олар бір құрылымда жұмыс істейді, бір шаңырақта қыздарын тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыпты Сәрсеновтер 2020 жылы алғаш рет ЖҚАЖ қатарына қабылданып, сол жерде танысқан. Ал үш айдан кейін араларындағы түсіністік пен құрмет отбасылық одаққа ұласады.

Бүгінде Самат пен Айзада – тек қызметтегі емес, өмірдегі де үзеңгілес серіктер. Қатарласа қызмет атқарып жүрген қос сарбаз бірін-бірі әрдайым қолдап, демеп жүреді.

– Қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін жүрегімен түсінетін адамның жанында болғаны – үлкен күш. Біз бір-бірімізге тек үйде емес, әр ауысымда да сүйеу боламыз, – дейді Самат Сәрсенов.

– ЖҚАЖ қатарында қызмет ету тәртіп пен жан-жақтылықты талап етеді. Ал өмірлік жарың сол ұжымда жаныңда тұрса – бұл екі есе қолдау. Біз қызымызға полицей формасының абыройы – құр сөз емес екенін, оның артында адал еңбек пен үлкен жауапкершілік жатқанын үйретіп келеміз, – деп толықтырды Айзада Сәрсенова.

Сәрсеновтер отбасы бос уақытын тиімді өткізуді әдетке айналдырған. Олар спортпен шұғылданып, түрлі ведомстволық жарыстарға қатысады, салауатты өмір салтын ұстанады.

Олардың жарасымды жұбы – жас қызметкерлерге үлгі. Бұл отбасы бірлік пен өзара құрмет, ортақ мақсат жолындағы адал қызметтің бейнесі іспеттес.

Алматы қалалық полиция департаменті осындай жанұяларды Ішкі істер органдарының рухани діңгегі, қызметке деген адалдық пен ұрпақтар сабақтастығының көрінісі деп біледі.

Өз борышын жүрек қалауымен атқарып жүрген жандар – Алматы полициясының мақтанышы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру