Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстанда нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен нашақорлыққа қарсы күрес айлығының ресми ашылу шарасы өтті. Шара 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Жиынға ішкі істер вице-министрі Ержан Саденов, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт министрліктерінің, жергілікті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер қатысты.

Айлықтың басты міндеті – қоғамның барлық салауатты күштерін біріктіру және есірткіге қарсы іс-шаралардың тұтас кешенін іске асыру. Олардың барлығы салауатты өмір салтын насихаттауға, халықтың наркологиялық сауаттылығын арттыруға және балалардың, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтауда алдын алу жұмысының маңыздылығын түсінуге бағытталған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру мақсатымен өмір сүру – Қазақстанның әр азаматының алдында тұрған міндет. 11 мамырда біз Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасын бекіттік. Профилактика – нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жүйесіндегі ең басты элемент болып табылады. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, салауатты болашақты қамтамасыз ететінімізге сенімдімін», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Шарада сөз сөйлеген Ержан Саденов есірткімен күрес бойынша Ішкі істер министрлігі тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, атқарылған істің нәтижесімен бөлісті.

«Елімізде жыл басынан бері барлығы 1400 есірткі құқық бұзушысы ұсталды. 600-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық және 1800-ге жуық қылмыстық теріс қылық анықталды. Сондай-ақ заңсыз айналымнан екі тоннаға жуық есірткі заты тәркіленді», – деді вице-министр Ержан Саденов.

Есірткіге қарсы айлықты өткізу барлық азаматтарды, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен жастарды профилактикалық іс-шаралармен кеңінен қамту қажеттілігіне негізделген.

Есірткіні тұтынудың алдын алудың өзекті және проблемалық мәселелері бойынша педагогтармен, психологтармен, педиатрлармен, ата-аналармен семинар-кеңестер мен дәрістер өткізу жоспарланған.

Айта кету керек, бұл іс-шаралардың барлығы 26 мамыр мен 26 маусым аралығында еліміздің барлық өңірлерін толық қамти отырып өткізілетін болады.

Соңында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша қоғам, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған семинар-тренинг өткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру