Қазақтың болашағы – қазақ тілінде
Кез келген адамның қай елде тұрғысы келсе де, ол өзінің таңдауы. Алайда, сол жердің мәдениетін, дәстүрін және ең бастысы – тілін біліп жүргені, оны құрметтеп жүргені абзал. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Бүгінде көптеген этнос өкілдері осында тұрып, мекендеп келеді, Қазақстанды өз Отаны санайды. Осы орайда, Қазақстан аумағында қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі мәртебесін нығайту маңызды болып табылады. Қазақстан Республткасының Конституциясының 7 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, тарихы мен бүгіні және келешегі. Ғұлама ғалым, ұлт ұстазы атанған А.Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,– деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін атап өткен. Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан, үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде елімізде қазақ тілінің тек қана сақталуы ғана емес, оның дамуына барынша жағдай жасап отыр.Ұлт болған жерде тіл, тіл болған жерде оның мәселесі де болады. Қазақ тілінің мәселесі өткен ғасырдың басынан бері қозғалып келеді. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған тіл мәселесін жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында түбегейлі шешуге мемлекет те мүдделі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» – деп атап көрсеткен.
Бүгінде барлық мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Қазақстан Республикасында қолайлы әлеуметтік-тілдік кеңістік құру тіл саясатын кезең-кезеңмен іске асыру арқылы жолға қойылған. Мәселен, Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру көзделеді. Мемлекет басшысы нақты шаралар негізінде еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау және қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.
Мысалы, Шымкент қаласы Полиция департаментінде қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйрету сабақтары тұрақты түрде ұйымдастырылып жүргізілуде. Осы сабақтардың нәтижесінде қазақ тілін үйренген басқа ұлт өкілдері де бар. Қазіргі уақытта барлық құжаттар, іс-қағаздар мемлекеттік тілде орындалады. Тіпті мемлекеттік тілде өзге ұлт өкілдері өздерінің қызметтік міндеттеріне байланыс құжат айналымын тек қана мемлекеттік тілде жүзеге асырыды.
Оған дәлел ретінде Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасы Анықтау бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Тофик Азадов пен Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Шерзат Хасановтарды айтуға болады. Қазіргі таңда, аталған біздің басқарма қызметкерлері мемлекеттік тілді кәсіби тұрғыдан жазбаша және ауызша сөйлеу мәдениетін жетік игеріп, өздерінің тікелей міндеттерін атқаруда кеңінен қолданады. Қызмет бабында қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретінде толыққанды меңгерген. Қазіргі уақытта басқармадағы қаралатын тергеу, анықтау істердің басым көпшілігін қазақ тілінде жүргізеді. Өз кезегінде полиция қызметкерінің қарапайым халықпен қарым-қатынас жасаудың, әрбір тергеу ісін жүргізудің тиімділігі халықтың билікке деген сенімін арттырады. Басқармада жүргізілетін барлық құжат айналымы тек қана мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қызметкерлері арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижелері бойынша 80 %-ы өзінің тікелей қызметтік міндеттерін атқаруда тек қана қазақ тілін қолданамын деп жауап берген. Бұл көрсеткіштер Ішкі істер органдары саласында қазақ тілінің жоғары деңгейде қолданылатынын дәлелдейді.Сол себепті, қазақ тілінін қасиетін ұғынып, қадір тұтқан білікті мамандарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Алайда, өздерінің арыз-өтініштерімен келген өзге ұлт өкілдерінің тіі де шет қалмаған. Елімізде этнос өкілдеріне барлық мүмкіншілік жасалғаны белгілі. Яғни, білім алу, оларға қызмет көрсету, қызмет істеу жағынан қолдау көрсетіліп отырады. Қажет жағдайда кәсіби аудармашылар шақырылады. Бұл да – Қазақстан азаматы болып табылатын өзге ұлт өкілдерінің тілдеріне деген құрмет. Ешбір этнос өкіліне ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ, әрқайсысы Қазақстанның толыққанды азаматы, заң ортақ, құқық ортақ. Әрине, біз осы бағытты әрі қарай жалғастырып, дамыта түсуіміз керек.
Кез келген тілдің болашағы – жастардың қолында екені рас. Жастардың өздерінің тілін білмеуі, ұмытуы – ұлтқа төнген қауіп деп түсінуіміз керек. Сондықтан ең әуелі әрбір ұжым ортасында тіл саясатына ерекше назар қойғанымыз шарт. Ішкі істер органдарының әрбір құрылымдық бөлімшелерінде тілді дамыту шаралары жасалмаса, мемлекет тарапынан жасалатын барлық іс-шара өзін-өзі ақтамайды.
Бүгінде мемлекеттің басты стратегиялық мақсаттарының бірі – Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді мемлекеттік қызмет және ішкі істер органдары саласының барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру.Сондықтан, осы аса маңызды стратегиялық мақсатты жүзеге асыру әрбір мемлекеттік полиция қызметкерінің ғана емес, барша қазақстандықтардың да парызы.