ҚАЖД қызметкерлері арасында ән байқауы ұйымдастырылды
Қызылордада ҚАЖД қызметкерлері арасында Елбасының сүйікті әндерін орындау бойынша байқау өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері арасында музыкалық байқау өтті. Байқаудың мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шараға дайындық шеңберінде ұлттық музыка мәдениетінің жетістіктерін насихаттау, қызметкерлерді патриоттық, адамгершілік-эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу, олардың мәдени және рухани деңгейін арттыру, Қазақстан полициясының оң имиджін нығайту болып табылады.
Байқауға ҚАЖД мекемелерінен өнерге жақын қызметкерлер қатысты. Байқаудың ережесі бойынша табиғи дауыспен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сүйікті әндерін орындау қажет.
ЗК-169/1 мекемесінің қызметкері Р.Байділдаев «Көзімнің қарасы» әнін, ЗК-169/5 мекемесінің қызметкері Ш.Досжанов «Жұлдызым» әнін орындаса, ЗК-169/4 мекемесінің қызметкері М.Қазанқапов «Елім менің» әнін шырқады.
– Қатысушылар байқауға үлкен дайындықпен келген. Үміткерлер әндерді шынайы, табиғи дауыспен орындады, олардың арасында бірнеше мәрте ән байқауына қатысып, жүлделі орын алып жүрген қызметкерлеріміз де бар. Байқау қорытындыларына сәйкес ЗК-169/1 мекемесінің қызметкері Р.Байділдаев І орынды иеленіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтетін республикалық онлайн байқауға қатысуға жолдама алды,- деді ҚАЖД Кадр саясаты тобының бас маманы А.Абжалиева.