Қазығұрт полицейлері дәріханадан ұялы телефон ұрлаған жігітті анықтады
Қазығұрт полицейлері дәріханадан ұялы телефон ұрлаған жігітті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Онда жәбірленуші азамат өзінің жұмыс жасайтын дәріханасының егу бөлмесінде тұрған Samsung А51 маркалы ұялы телефонын белгісіз адам ұрлап кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 50 мың теңгеге жуық. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен қырағы полицейлер тобы жедел әрекет ету арқылы ұрлық жайты болған дәріханаға бағыт алды. Дәріхана иесі, жәбірленуші азаматтан басқа да көрген-білгендерден сұрады. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде күдіктіні тұрғылықты жерінен қолға түсірді. Ол жергілікті тұрғын, жұмыссыз жігіт болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ер адамның бас шарасы қолхатта.
Белгілі болғандай, күдікті дәрі алу мақсатында дәріханаға кірген. Содан соң үстел үстінде тұрған ұялы телефонға көзі түсіп, оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша жанында адамдардың жоқтығын пайдаланып, білдіртпей телефонды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдіктіден жасырып қойған ұялы телефон айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.