Қазығұртта жұмыс берушінің мүлкін сатып жіберген қойшы қамауға алынды
Қазығұртта жұмыс берушінің мүлкін сатып, ақшасын өз пайдасына жұмсап жіберген қойшы қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне келген жергілікті тұрғын, яғни әйел қойшысына берген квадроциклды таппай, арыздануға мәжбүр болғанын айтты. Әйелдің арызын қабылдаған сақшылар аталған жайт бойынша жедел әрекет етті. Тиянақты тексеру мен анықтау жұмыстарын жүргізді.
Осылайша полиция қызметкерлері күдікке ілінген қойшының аталған қылмысқа қатысы барын білді. Олар қойшыдан жауап алып, оқиға орнын мұқият тінтіп шықты. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгеге жуық. Қылмысты ашу кезінде полицейлер малын бағуға сеніп тапсырған жәбірленуші әйелдің квадроциклын өз қойшысы жымқырып, сатып, ақшасын жеке басының пайдасына жаратып жібергені расталды.
Қазіргі таңда қойшы жігіт қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық барысы тергеу кезінде анықталады.