Қоғамдық орындардың жұмыс режимі бақылауда тұр
Төтенше жағдайдың қабылдануына байланысты Маңғыстау облысында енгізілген ережені бұзған әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 коронавирус пандемиясына байланысты ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурыз сағат 08.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 07.00-не дейін төтенше жағдай енгізілді.
Көрсетілген шектеулердің негізінде төрт жұмыс тобы құрылды. Ақтау қаласы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары осы құрылған топтармен бірлесе 70-ден астам көңіл көтеру орындарын, компьютерлік және бильярд клубтар тексеріліп, оның ішінде 14-і ашық тұрған. Олардың иелеріне ережелер түсіндірілді, берілген 15 минут уақыт ішінде орындар жабылып, ескертілді.
Енгізілген режимге сәйкес мейрамханалардың, кафелердің, өзге де қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты шектелді – олар 22.00-ге дейін жұмыс істейді.
ІІМ министрі Е.Тұрғымбаевтың төтенше жағдайлар туралы мәлімдемесіне қарамастан Ақтау қаласының 26 шағын ауданында орналасқан «Свежак» орны көрсетілген уақыттан кейін де жұмыс жасаған. Әкімшіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Келушілерге ережелер түсіндіріліп, үйлеріне таратылды.