Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көңіл көтеру орындарындағы тәртіп тексеріліп жатыр

Жамбылдық полицейлер 400-ден астам ойын-сауық орындарын төтенше жағдай режимінің сақталуына тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирустық инфекцияның таралу қаупінен төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты және ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша облыстағы көңіл көтеру мекемелеріне рейдтік жұмыстар жүргізілді.

Ірі сауда нысандарының жұмыс режиміне олардың жұмыс істеу уақыты бойынша уақытша шектеу енгізілді: 10.00-ден 18.00-ге дейін, киім-кешек базарлары үшін – 11.00-ден 17.00-ге дейін. Дәмхана мен мейрамханаларға келушілердің саны 50 адамнан аспауы тиіс және келушілерді қабылдау 22.00-ге дейін жалғасады.

Аталған шектеулерді орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы “Төтенше жағдай режимін бұзу” бойынша 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке қамау түрінде жаза көзделген. Билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін тәртіп бұзушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабы бойынша 2000 АЕК көлемінде айыппұл немесе екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Күшейтілген режимде жүргізіліп жатқан шаралардың басты мақсаты қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін тиісінше қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Қазіргі ел өміріндегі күрделі кезеңде Жамбыл облысы Полиция департаментінің жеке құрамы қызмет атқарудың ерекше тәртібіне ауыстырылды.

– Кешкі-түнгі рейд барысында біздің қызметкерлер облыстың 413 мекемесіне барды, – деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті басшысының орынбасары Темірбек Оразымбетов. – Олардың 176-ы енгізілген төтенше жағдай режиміне қарамастан өз жұмысын жалғастырған. Аталған көңіл көтеру мекемелерінің әкімшілігіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы “Төтенше жағдай режимін бұзу” таныстырылды.


Полиция қызметкерлері облыс орталығының кафе-барларының бірінің әкімшілігіне қатысты әкімшілік хаттама толтырды, онда түнгі 22.00-ден кейін 50-ден астам адам болған.

Жамбыл облысының Полиция департаменті құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарауды және төтенше жағдай кезінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз етуге байланысты қажетті шектеулерге назар аударуды сұрайды. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру