Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қорадан мал ұрлаған үшеу қамауда

Түркістан облысының полицейлері қорадан мал ұрлаған күдіктілерді қолға түсіріп, істі сотқа жолдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ АПБ-нің кезекші бөліміне үш жергілікті тұрғын арызданған. Онда жәбірленушілер, түнгі уақытта аулаларына белгісіз біреулер кіріп, қораларынан 15 бас ұсақ малдарын жымқырғанын көрсеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеп, күдіктілерді іздестіруге кірісті. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі миллион теңгеден асты.

Тәртіп сақшылары тұрғындардың төрт-түлігін қолды етіп жүрген ұрыларды ұстау мақсатында қажетті деп танылған іс-шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды түгел қарап шықты. Мал базарлары мен көліктер мұқият тексерілді. Созақ АПБ-нің учаскелік полиция инспекторы Самат Нұрғалиев осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктілердің ізіне түседі. Учаскелік полицей қырағылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында күдіктілерді тұрғылықты мекен-жайы бойынша үш күн ішінде ұстайды.

Күдіктілердің біреуі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Шымкент қаласының, үшіншісі Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Екеуі бұрын сотты болған.

Тергеу амалдары барысында күдікті жігіттердің бір жерде жұмыс жасайтыны белгілі болды. Осылайша үшеуі алдын ала сөз байласып, өздерінің көліктерімен ұрлық жасағаны анықталды. Олардың Созақ ауданында қорадан мал ұрлау бойынша үш жайтқа қатысы бар. Күдіктілер ұрлықты түнгі уақытта жасаған. Ұрланған малдарды жарты бағасына сатып жіберген. Полицейлер ұрланған малды түгелімен тауып, тәркілеп, заңды иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған жайттар «Мал ұрлығы» бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Күдіктілер қамауға алынды.

Егер сіз мал ұрлығының болмаса басқа біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру