Қордайлық азаматтарды ПД басшысы жеке қабылдауда
Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қордай ауданында азаматтарды жеке қабылдауда,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 21 ақпанында Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов Қордай ауданында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізуде.
Соңғы жағдайларға байланысты Департамент бастығы аудан тұрғындарының қандай сұрақтары мен мәселелері бар екендігін анықтау үшін олармен жеке кездесуді шешті. Қабылдауға бірінші келген Қордай ауданының тұрғыны Александра Иванова жүргізіліп жатқан қылмыстық істің тергеу барысы мен мән-жайын түсіндіруді сұрады. Өтінішін тыңдаған Департамент бастығы істі жеке тексеруге уәде берді.
Сондай-ақ, алаяқтарға алданып қалған ауданның үш тұрғыны жер теліміне қатысты мәселемен жүгінді. Масанчи ауылында орналасқан дәріхана иесі Арайлым Альменова жаппай тәртіпсіздік кезінде өрт салдарынан оның кәсібі ғана емес, сонымен бірге жеке басын куәландыратын барлық құжаттары да жойылғанын айтып, көмек сұрады.
– Біз өз құзыретімізде және заң шеңберінде қажетті көмектерді көрсететін боламыз, – деп уәде берді Департамент бастығы.
Осы ретте айта кетерлік жайт, 2020 жылдың 8 мен 20 ақпаны аралығында Жамбыл облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері 57 жеке куәлікті қалпына келтірді. Ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу бойынша сауал қойған бірнеше азаматқа Жанат Сүлейменов – өтініш жазып, қажетті құжаттарды жинауы керектігін түсіндірді.
Сонымен қатар, Қордай ауданының кейбір тұрғындары аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты шағымданды. Бұл мәселе бойынша Департамент бастығы жеке тексеру жұмыстарын жүргізетінін айтты. Полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов қабылдау барысында түскен әрбір арыз-шағымды жіті назарға алып, бірқатар сұрақтар бойынша Қордай ауданы полиция бөлімінің бастығына және жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Қабылдау барысында тұрғындарға қажетті жан-жақты құқықтық кеңестер беріліп, барлық өтініштер Полиция департаменті бастығының қатаң бақылауына алынды.