Қос азаматтығы бар ШҚО тұрғыны елден шығарылды
Қос азаматтығы бар ШҚО тұрғыны елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған фактіні Алтай қаласының полиция қызметкерлері анықтады. Белгілі болғандай, Қазақстан Республикасының азаматы 43 жастағы ер адам бір жылдан астам уақыт бұрын Ресей азаматтығын алған. Алайда ол бұл туралы қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзім ішінде хабарламаған.
Құқық бұзушыға қатысты тиісті бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал кейінірек аудандық сотта қаралып, оның қаулысымен шетелдікті елден шығару туралы шешім қабылданған.
Тәжірибе көрсеткендей, құқық бұзушылардың қос азаматтық алуының бірнеше тиімді себептері бар, атап айтқанда: мемлекеттік шекараны кедергісіз кесіп өту, материалдық артықшылықтар алу, зейнетақы есебі, мұраға ие болу, бала туылған кездегі жәрдемақы, жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдікке ие болу.
Жыл басынан бері ШҚО көші-қон қызметінің қызметкерлері қос азаматтығы бар 15 азаматты анықтаған, олардың 5-уі Қазақстан аумағынан шығарылды.
ШҚО полиция департаменті басқа елдің азаматтығын қабылдаған кезде ҚР азаматы 30 күн мерзім ішінде ішкі істер органдарына немесе шет мемлекеттің аумағындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне хабарлау арқылы Қазақстан азаматтығынан айырылғаны туралы мәлімдеуі, сондай-ақ ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет екенін ескертеді.