Қостанай облысы ПД-да иесіз иттер мәселесі талқыланды
Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасында иесіз жануарларды аулау және уақытша ұстау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға полицейлер, Қостанай қаласының ветеринариялық станциясы, Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы, жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімі, «Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының» өкілдері және «Надежда плюс KST» қоғамдық бірлестік басшылары мен еріктілер қатысты.
Қостанайлықтардың алаңдауына бірден-бір себеп – қаңғыбас иттер. Жыл басынан бері ғана iKomek пен полиция қызметіне 300-ге жуық хабарлама келіп түсті, оның ішінде балаларға шабуыл жасау фактілері туралы жеті хабарлама болған. Қазіргі уақытта облыс орталығында 3 мыңнан астам иесіз ит бар, олардың 645-і ұсталып, «Надежда плюс KST» бірлестігіне берілді.
Айта кету керек, жаз мезгілінде саяжайларда қаңғыбас иттер көп жүреді. Содан күн суытып, адамдар саяжайдан көшкенде азық іздеген иттер қала ішіне кіріп, тұрғындарға, әсіресе балаларға қауіп төндіреді.
Негізгі мәселені «Надежда плюс KST»ҚБ төраймы Александра Лебединская айтты. Оның сөзінше, жануарларды күтуге арналған мемлекеттік пананың болмауы – мәселені одан сайын қиындатады.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының деректері бойынша жыл сайын екі мыңнан астам ит ауланады. Алайда бұл жұмысты әріқарай тоқтаусыз жүргізуге қаржының жетіспеушілігі кедергі келтіретін көрінеді.
Сонымен қатар іс-шара барысында қатысушылар жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелерін талқылады. Қостанай облысы ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы Мақсұт Ералиев осы жылдың 7 айында үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін облыстың 325 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Жануарларға жауапкершілікпен қарау ережелерін алғаш рет бұзған 309 адамға полиция ескерту жасады. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 16 адамға қатысты әрқайсысына 20 АЕК (73840 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.