Қостанай облысында полиция қызметкерлері ата-аналармен кездесті
Қостанай облысында полиция қызметкерлері ата-аналармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласындағы №15 мектепте ата-аналар жиналысы өтіп, оған бірнеше білім беру мекемесінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында ата-аналар мен құқық қорғау органдары өкілдері жасөспірімдер арасындағы есірткі мәселесін кеңінен талқылады.
Жиында Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова сөз алып, ата-аналармен ашық диалог форматында сұхбат жүргізді.
- Жасөспірімдер үшін есірткінің қолжетімділігі артып келеді. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Біздің ең басты міндетіміз – балаларымызды бұл қауіптен сақтап қалу, – деді полиция қызметкері.
Ол есірткінің зияны туралы бейнероликтер көрсетіп, нақты өмірден алынған оқиғалармен бөлісті. Жасөспірімдердің есірткіге әуестенуі олардың болашағына қаншалықты ауыр салдарын тигізетінін айғақтайтын деректерді ұсынды.
Кездесу барысында ата-аналар белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды. Олардың бірі балаларды түзеу мекемелеріне апарып, есірткінің салдарын өз көздерімен көруіне мүмкіндік беру жөнінде ұсыныс тастады.
Бұл идеяны құптаған Айгүл Ераділова: "Мұндай экскурсиялар жасөспірімдерді қылмыс жасаудан сақтандыру үшін өте маңызды болар еді," – деп жауап берді.
Жиналыс барысында ата-аналар "Егер есірткі қолжетімді болса, баламызды оның зиянды әсерінен қалай қорғауға болады?" деген сауалды ортаға салды.
- Ең бастысы – сенім, балалармен ашық сөйлесіңіздер, олардың кіммен араласатынын, қандай әлеуметтік желілерді пайдаланатынын біліп отырыңыздар. Олардың уақытын бақылап, бос кеңістікті пайдалы істермен толтырыңыздар. Ең бастысы, балаңызға дұрыс үлгі көрсетіңіздер, - деп жауап берді полиция қызметкерлері.
Кездесуде жасөспірімдердің есірткі қылмысына қатысуы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны да айтылды.
- Көп жағдайда ата-аналар балаларының жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсінбейді. Заң бәріне ортақ. Есірткі сатуға немесе тұтынуға қатысты құқықбұзушылықтар заңмен қудаланады, – деп ескертті полиция қызметкері.
Кейбір ата-аналар мектептерде есірткіге тәуелділікті ерте анықтау үшін міндетті скрининг енгізу туралы ұсыныс жасады.
Жиын соңында Айгүл Ераділова ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
- Егер балаларыңыздың дені сау, болашағы жарқын болғанын қаласаңыздар, оларға дұрыс жол көрсетіңіздер. Балалар ата-ананың іс-әрекетін қайталайды, сондықтан олардың саналы азамат болып қалыптасуы сіздердің үлгі-өнегелеріңізге тікелей байланысты, – деді полиция қызметкері.
Жиналыс ата-аналарға ерекше әсер етті. Көпшілігі балаларының тағдырына бей-жай қарамай, оларды есірткіден сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсініп, толқып отырды. Бұл кездесу жасөспірімдерді қауіптен қорғау жолында ата-аналар мен құқық қорғау органдарының бірлесіп әрекет етуі қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
https://youtu.be/GbECrgehmGg