Қостанай облысында "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жастармен кездесу өтті
Қостанай облысында полицейлер "Криминалистикалық кейс-коворкинг: Сараптама. Заң мен Тәртіп" іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы полиция департаментінің қолдауымен және Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінің ұйымдастыруымен студенттер сарайында ауқымды профилактикалық іс-шара өтті. Жоба жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауатын арттыру мен заңды сақтау және құқық бұзушылықтың салдары туралы түсініктерін қалыптастыруға бағытталды.
Коворкингтің басты мақсаты — құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдары арасындағы серіктестікті нығайту, сондай-ақ оқушылар мен студенттер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу болды. Полиция қызметкерлері қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, азаматтарды дропперлік схемаларға тарту тәсілдері, сондай-ақ есірткіні қолдану мен таратудың салдары туралы жан-жақты түсіндірді. Әсіресе, жастардың интернеттегі заңсыз әрекеттерге қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылатыны және мұндай жағдайлар анықталған кезде уақтылы полицияға хабарлаудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар полицейлер жастар арасында құқықтық сана, заңға бағынушылық және белсенді азаматтық ұстанымның маңызына тоқталып, құқықтық сауат пен сақтық — қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолы екенін айтты. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын полиция қызметкерлері дайындаған тәжірибелік көріністер тудырды.
Криминалистер сараптама жүргізу үдерісін және қылмыстарды ашу әдістерін көрсетті. Кинологтар қызметтік иттердің жұмысын паш етті. Ал жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері құқық бұзушыларды ұстау тәсілдерін көрсетті.

Іс-шара барысында жастар полиция қызметінің жұмысымен жақынырақ танысып, криминалистикалық білімнің тәжірибеде қалай қолданылатынын көріп, күнделікті өмірде заңды сақтаудың маңызын түсінді.
Полиция мұндай жобалар азаматтар мен полиция арасындағы сенімді нығайтып, өскелең ұрпақтың заңға және қоғамдық тәртіпке деген құрметін, сондай-ақ белсенді құқықтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
 
						
 
											