Қостанай облысында жоғалған 7 жастағы қыз бұта арасынан табылды
Қостанай облысында жоғалған 7 жастағы қыз бұта арасынан табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 тамыз күні кешке Қостанай ауданының полиция бөлімінің «102» пультіне Тобыл қаласының тұрғыны жүгініп, кәмелетке толмаған баласының жоғалғаны туралы хабарлады. 7 жастағы қыз сағат 20:50-де үйден белгісіз бағытта кетіп, қайта оралмаған. Анасының айтуынша, бұл бірінші жағдай емес.
– Хабарламаны алғаннан кейін барлық жеке құрам дереу баланы іздеуге кірісті. Ахуалдық штаб ұйымдастырылды, онда қала бойынша барлық күштер мен құралдар тұрғылықты жеріне іргелес барлық көшелер бойынша бөлінді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі сағат ішінде бала табылып, отбасына табысталды, – деп хабарлады Қостанай ауданының полиция бөлімі бастығының м.а. Мұхтар Джармухамедов.
Қыз үйден 900 метр қашықтықта Алладин қызметтік іздестіру итінің көмегімен табылды.
Белгілі болғандай, ол адасып кеткен. Табылған қыз баланың анасы полиция қызметкерлеріне баласын аман-сау іздеп тауып бергені үшін алғысын жеткізді.