Қостанай облысының 8 ауылы ішімдіктен бас тартты
Қостанай облысының 8 ауылы алкогольден бас тартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бастама өңірде 2024 жылдың қыркүйегінен бастап жүзеге асырылып келе жатқан "Мәдени қоғам" жобасының бір бөлігі болды.
Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин есеп беру кездесуінде өткен жылы барлық қылмыстардың шамамен 27%-ы масаң күйде жасалғанын атап өтті.
Бұл маскүнемдер, қоғамдық тәртіпті бұзушылар және отбасылық жанжал шығарушылар сияқты қауіпті топтарға полицияның бақылауын күшейтуге үлкен себеп болды. Бұған жауап ретінде үйде де алкогольді ішуге тыйым салатын 4 мыңға жуық сот шешімі шығарылды.
Алкоголизммен күресу және алдын алу тиімділігін арттыру үшін өткен жылдың қыркүйек айынан бастап 2024-2025 жылдарға арналған "Мәдени қоғам" жобасы басталды.
Осы жоба аясында құқық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарды ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп алкоголь өнімдерін бөлшек саудада өткізуге қойылатын талаптарды қатайту бойынша ұсыныстар дайындалуда.
Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарын (УБДО) кеңейту шаралары қарастырылды.
- Бүгінде облыста Қостанай, Рудный, Арқалық және Тобыл қалаларында барлығы 75 орындық 4 сауықтыру орталығы бар. Қазірдің өзінде Қостанайда УБДО орын саны 14-тен 25-ке, Рудныйда 20-дан 30-ға, Арқалықта 10-нан 15-ке, Тобылда 10 орындық жаңа орталық ашылды. Жоспарға Лисаков, Жітіқара және Қарабалықта сауықтыру орталықтарын құру кіреді, - деді Ерлан Файзуллин.
Бұл ретте Қостанайда емханалар мен 73 ауылдық округте қосымша медициналық куәландыру пункттері ашылды.
Департамент бастығының айтуынша денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп фельдшерлік акушерлік пункттері бар аудандар мен ауылдық округтер бойынша сараптама жүргізу үшін сертификаты бар медицина қызметкерлерінің санын көбейту жоспарлануда.
2024 жылы облыс аумағында тұрғындары алкогольден бас тартқан 6 елдімекен (Милісай, Сарысу, Әбдіғапар ,Крамское , Отынағаш , Көктал ауылдары) бар.
Бұл ауылдарда осы күнге дейін бірде-бір қылмыстық құқық бұзушылық немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген жоқ.
Биыл Ұзынкөл ауданындағы тағы екі ауыл – Абай мен Уқатқан ішімдіктен бас тартқан ауылдар қатарына кірді. Жобаның маңызды аспектілерінің бірі - жұртшылықты тарту. Қалалар мен ауылдық елді мекендерде қоғамдық комиссиялар белсенді жұмыс істейді, олардың құрамына жергілікті билік, діни көшбасшылар мен ақсақалдар кіреді.
Олар алкогольге тәуелділіктен зардап шеккен адамдарды моральдық тұрғыдан қолдауға көмектеседі және қоғамдық айыптауды жүзеге асырады.
- Осы жоба шеңберінде волонтерлік қозғалыстарды, БАҚ өкілдері мен жұртшылықты тарта отырып, алкогольді сататын сауда пункттері бойынша рейдтер жоспарланған. Мұндай жұмыс кальян бойынша да жүргізілді, - деп атап өтті Ерлан Файзуллин.
Бұл шаралар аймақ тұрғындары үшін салауатты және қауіпсіз орта құруға бағытталған. "Мәдени қоғам" көмегімен Қостанай облысы нашақорлық пен тәуелділіктен арылған мәдени қоғамды қалыптастыруға қадамдар жасауда.