Қостанай облысының полицейлері көлігі жол жиегіне шығып кеткен жүргізушіге көмектесті
Қостанай облысында екі баланың анасы көлігін тізгіндей алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Қиын жағдайға тап болған ана көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 29 қазанда Қостанай – Мамлют тас жолында болған. Бұл күні өңірде қарлы боран соғып, облыстың тас жолдарында патрульдеу күшейтілді. Бұл бағытта патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Уәлихан Рахимов пен Саят Таңатқанов патрульдік қызмет атқарды.
Бұл күні олар жолда қиын жағдайға тап болған бірнеше жүргізушіге көмек көрсетті. Олардың бірі кәмелетке толмаған екі баласымен Қостанай қаласына бара жатқан жүргізуші әйел. Ол жазғы доңғалақтарды қысқыға ауыстырып үлгермеген. Жауын-шашын салдарынан көлік тізгініне ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен.
Қызметкерлер көлікті шығарып, қажетті көмек көрсетіп, отбасын жақын маңдағы ауылға дейін шығарып салды. Айта кетерлігі, полицейлердің тәжірибесі мол. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Саят Таңатқанов Әулиекөл ауданында үш баласы бар отбасын өрттен аман алып қалған. Ол құқық қорғау органдарында 23 жыл, Уәлихан Рахимов 20 жылдан астам қызмет еткен.
Оқиғадан бірнеше күн өткен соң әйел патрульдік полицияға алғысын білдірді. Ол әрекет ету жылдамдығы мен қызметтік көліктің көмек көрсету үшін қажеттінің бәрімен жабдықталғанын атап өтті.
Қостанай облысында бірнеше күн бойы қолайсыз ауа райында патрульдік полиция қызметкерлері жолда қолайсыз ауа райына тап болған оннан астам жүргізушіге көмекке келді.