Қостанай облысының тұрғыны алаяқтарға алданып, 7 млн теңгесінен айырылды
Қостанай облысының тұрғыны алаяқтарға алданып, 7 млн теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының тұрғыны платформаға салынған инвестициядан пайда тапқысы келіп, алаяқтықтың құрбаны болды. 55 жастағы әйел 7 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды.
Жамбыл ауылының тұратын жәбірленуші әлеуметтік желілердегі жоғары табыс кепілдіктеріне сеніп қалған. Ол әрбір азаматтың «ҚазМұнайГаз» платформасына салынған инвестициялардан пайда табуы мүмкін деген жарнаманы көрген.
– Бұл жарнама мені қызықтырды, содан кейін мен жарнамада көрсетілген сілтемеге өттім. Онда өзімнің деректерімді тіркеп, сауалнамадан өттім. Мен тіпті алаяқтардың құрбаны болғанымды білмедім. Біраз уақыттан кейін нөміріме инвестиция бойынша ер адам қоңырау шалып, әңгіме барысында менің жолым болғанын айтты, өйткені сол күні акция жүріп жатыр екен, талабы – небәрі 55 мың теңге салу, – дейді зардап шеккен әйел.
Алаяқтардың құрбаны интернет-қосымша арқылы 2 айда әртүрлі банктерде жалпы сомасы 7 млн теңгеге 6 несие ресімдеп, үлкен пайда табу үмітімен оларды инвестициялауға аударады. Ал алданғанын түсінген кезде полицияға жүгінді.
– Зиянкестер арнайы сайттар, қосымшалар және әлеуметтік желілерде парақшалар жасайды, олардың көмегімен жарнама таратады және тұрғындарға ірі жобаларға ақша салуды ұсынады. Диалог барысында олар жоғары немесе пассивті кірісті уәде етеді. Сендіру үшін танымал компаниялар мен банктердің, жаңалықтар порталдарының логотиптерін қолданады, сондай-ақ қатысушы ретінде белгілі адамдар туралы айтады. Мұндай жарнамалардың барлығы жалған, шындыққа жанаспайды және интернет-алаяқтық белгілеріне ие, – деп түсіндірді Қостанай облысы ПД киберқылмыспен күрес бөлімінің жедел уәкілі Нина Ахмадеева.
Полиция департаментінің қызметкерлері ақшаны «инвестициялау» ұсыныстары бар хабарландыруларды анықтау мақсатында тұрақты негізде интернет желісіне мониторинг жүргізеді. Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлері осындай мазмұндағы 1500-ден астам сілтемесін анықтап, бұғаттады. Жыл басынан бері полицейлер интернеттегі алаяқтықтың 211 фактісін ашты.