Қостанай облысының тұрғыны өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылды
Меңдіқара ауданының тұрғыны ішімдік ішіп көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан және өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл Меңдіқара ауданында мас күйіндегі жүргізушілердің көлік құралын басқарғаны үшін 30 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Аудан тұрғындарына қатысты он бес тәулікке әкімшілік қамауға алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру туралы қаулы шығарылды.
Алайда полиция хабарлағандай, кейбір жүргізушілер басқару құқығынан айырылып, жол ережелерін өрескел бұзуды жалғастыруда.
Мысалы, патрульдік полиция қызметкерлері 39 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адам көлік басқару құқығынан айырыла отырып, мас күйде бірнеше рет рөлге отырған. Меңдіқаралық тұрғын ҚР ҚК 346-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатыр.
Бұдан басқа, сотталған адам өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.