Қостанай облысының тұрғыны тегіс ұңғылы қаруды заңсыз сақтағаны үшін ұсталды
Қостанай облысының тұрғыны тегіс ұңғылы қаруды заңсыз сақтағаны үшін ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8-18 тамыз аралығында облыс аумағында киіктерге браконьерлік фактілерінің жолын кесуге және анықтауға, олардың мүйіздерін елден тыс жерлерге контрабандалық жолмен шығарумен айналысатын адамдарды анықтауға, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашуға бағытталған «Киік» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Табиғатты қорғау заңнамасын сақтау мақсатында 48 мобильді топ құрылды.
Бұдан бөлек, ақбөкендердің төлдеуі және Бетпақдала популяциясы құйылатын кезеңде киіктер көп жиналатын орындарға арнайы мобильдік топтар жіберілді. Полиция қызметкерлері Арқалық қаласы, Амангелді, Жангелді, Қамысты және Науырзым аудандарының аумағында күшейтілген рейдтерді жүзеге асыруда.
– Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 216 рейдтік іс-шара өткізілді. Аң аулау және балық аулау ережелерін бұзғаны үшін 35 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшылық қаруды сақтағаны үшін Ұзынкөл ауданының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлады Қостанай облысы ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы бөлімінің қызметкері Ғазретғали Әлімғазин.
Биылғы жылғы 7 ай ішінде полиция қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 378 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олардың барлығына 3 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Экологиялық қылмыстар жасағаны үшін 11 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде жетеуі – ҚР ҚК 337-бабы бойынша (Заңсыз аңшылық), екеуі – ҚР ҚК 335-бабы бойынша (Су жануарларының сирек кездесетін түрлерімен және олардың бөліктерімен заңсыз жұмыс істеу), біреуі – ҚР ҚК 339-бабы бойынша (Жануарлардың сирек кездесетін түрлерімен және олардың бөліктерімен заңсыз жұмыс істеу) және біреуі – ҚР ҚК 340-бабы бойынша (Ағаштарды заңсыз кесу).