Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай полицейлері көкпардан бас жүлдеге ие болды

Қостанай полицейлері көкпардан бас жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай ауданының Заречный елді-мекеніндегі “Арғымақ” ипподромында ұлттық ат спорты жарыстарының жабылу салтанаты өтті. Бағдарлама бойынша спортшылар қыз қуу, аударыспақ, құнан бәйге, теңге ілу, көкпар, аламан бәйге сынды сайыстарда бәсекеге түсті.

Қостанай облысы Полиция департаментінің “Динамо” командасы көкпар бойынша қарсыластарынан басым түсіп, облыстық чемпионаттың жеңімпазы атанды. Жарысқа жалпы Денисов, Б.Майлин, Қостанай аудандарынан жалпы 6 команда қатысты.

Тәртіп сақшылары алғашқы кездесуде “Тобыл-Торғай” командасынан 4:1 есебімен  алға шығып, келесі кезеңде “Алтын Орда” командасын 5:1 есебімен тізе бүктірді. Осылайша ЖҚАЖ құрамасықарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Өзім 6 жастан бері ат үстіндемін. Осы команданың капитаны болып табыламын. Командамызда сегіз адам бар. Әрқайсысының дайындық деңгейі жоғары. Сол себепті де жоғары сатыдан көріндік деп ойлаймын. Ұлттық спортты қолдау мақсатымен, бұл сайысты жыл сайын қалдырмауға тырысамыз, – деп атап өтті ЖҚАЖ инспекторы Бақдәулет Асанов.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жеке құрамы жан-жақты екенін атап өткім келеді. Біздің қызметкерлеріміз спорт болсын, мәдениет болсын, барлық бағыт бойынша үздік көрсеткіштер көрсетіп келеді. Қазір тек облыс көлемінде емес, әлем чемпионаттарында да белсенділік танытып, жоғары жетістіктерге ие болып жүргеніне өздеріңіз куәсіздер, – дейді ЖҚАЖ командирі Жәнібек Мұхамеджанов.


“Динамо” командасы 2018 жылы ПД бастығы Б.Аймағамбетовтың бастасымен құрылған болатын. Аз уақыт ішінде құрама бірінші орында тұрақтап келеді
– өткен жылдары да құрама жарыстың бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Сонымен қатар қазіргі уақытта ЖҚАЖ 2 қызметкері Италияда кикбоксингтен өтетін әлем чемпионатына дайындық жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру