Ақмола тұрғыны жоғалған сиырын тауып берген учаскелік инспекторға алғыс айтты
Қоянды ауылының тұрғыны жоғалған сиырын тауып бергені үшін учаскелік инспекторға алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Instagram әлеуметтік желісіндегі ведомостволық парақшасына учаскелік инспектор Абзал Хамзабаевтың атына алғыс сөздермен хабарлама келіп түсті. 3 қазан күні Целиноград ауданы Қоянды кентінің 49 жастағы тұрғынының кешке қарай сиырларының біреуі еркін жайылымнан келмеген. Алдымен ауыл тұрғыны жақындарымен бірге жоғалған сиырды өз бетінше табуға тырысты. Алайда ауылға жақын маңайды көлікпен аралап, таба алмаған. Келесі күні әйел полицияға көмек сұрап жүгінді. Абзал Хамзабаев Қоянды кентінде 3 жылдан астам уақыт жұмыс істейді, елді мекенге жақсы бағдарланған ол бірден іздеуге кірісті. Ауылдан 2 шақырым жерде ағаштардың арасынан полицей сиырды тауып алды.
– Учаскелік инспекторға жедел жұмыс және адамгершілігі үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Оның кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында сиыр табылды, – деп жазды Индира Қалманова.