Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда еріктілер мен полиция қызметкерлері есірткі жарнамасын жойып жатыр

Қостанайда еріктілер мен полиция қызметкерлері есірткі жарнамасын жойып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

32 жастағы Руслан Малахов полицияға есірткі жарнамаларын жою бойынша ұсыныс жасады. Ол қаладағы үйлердің қабырғаларындағы есірткі жарнамасын бояуға дайын екендігін жеткізді. Руслан Малахов аталған акцияға қатысуға ниет білдірген 20-дан астам еріктіні жинады.

Оған Қостанай автомобиль көлігі колледжі мен медицина колледжінің 60 студенті қосылды. Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері көлікпен және есірткі жарнамасын жоюға арналған бояғыш заттармен қамтамасыз етті.

– Әрқайсымыз интернет сілтемелері мен телефон нөмірлері бар жоғары табыс туралы ақпаратты қамтитын аялдамалар мен үйлердің қабырғаларында жазуларды көріп жүрміз. Осылайша, заңсыз заттарды қашықтықтан тарататын есірткі сатушылар өз тауарларын жарнамалайды немесе табыс ұсынады. Бір сөзбен айтқанда есірткіні жасырын қойып кетуді ұсынады, – дейді Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова.

– Егер бұрын мұндай ақпарат ауыздан-ауызға және әлеуметтік желілер арқылы берілсе, енді оған қол жеткізу барлығына, соның ішінде қоғамның ең осал тобы – жасөспірімдерге де ашық, – деп атап өтті Руслан Малахов.

Ерікті осындай шағын ғана іс-әрекеттің өзі біреудің өмірін сақтап қалатынына сенімді. Бұл іске қосылуға басқаларды да шақырады. Олар жастар бірлестіктерінің мүшелері, спортшылар және үйлердің қабырғаларында оғаш жазуларды байқаған қарапайым тұрғындар болуы мүмкін.

Бірнеше сағат ішінде акцияға қатысушылар жарнамаға қарсы 120-дан астам жазбаны жойды. Облыс орталығында бұл биыл өткізілген үшінші акция. Полицейлер қала тұрғындарының арқасында есірткі қылмысының алдын алуда белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Өңірде жыл басынан бері полицейлер заңсыз айналымнан 32 килограмм есірткі, оның ішінде 1,5 келі «синтетика» тәркіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру